Мақала

 «Жас Маман» жобасы – болашақтың кепілі

 

Алматы электрмеханикалық

колледжінің басшысы

Техника ғылымдарының

кандидаты, доцент

Б. Бозымбаев

 

Жаһандық тәжірибе көрсеткендей, кез-келген мемлекеттің экономикалық жетістігі сол елдің білім беру жүйесі мен азаматтарының білім дәрежесіне байланысты.

Әлемнің қазіргі даму үдерісіне көз салар болсақ, тарихымызда алғаш рет мамандарды дәл осы уақытта нарықта жоқ мамандықтарға даярлауға мәжбүр болып отыр. Тиісінше, сыни тұрғыдан ойлай білу, деректердің ауқымды көлемімен жұмыс істеу, командада тиімді жұмыс істеу, өзгерістерге тез бейімделу сияқты әмбебап «ХХІ ғасыр дағдыларын» дамыту жағына баса назар аудару арқылы білім берудің жаңа құрамдасы туралы мәселе алдыға шықты.

Жаңа технологиялар әлемдік экономикаларды, тиісінше, еңбек нарықтарын да өзгертеді. Заттар интернеті, робот техникасы, нанотехнологиялар сияқты және басқа да технологиялар белсенді түрде енгізілуде.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында ТжКБ жүйесінде жұмыс берушілердің қатысуымен және жаңа кәсіби стандарттар негізінде әзірленген WorldSkills халықаралық талаптарын, робот техникасын, цифрлық дағдыларды, көптілділікті ескеретін жаңартылған білім беру бағдарламаларын енгізуді; жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берумен сабақтастықты қамтамасыз ету үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде оқытудың кредиттік-модульдік технологиясына көшуді жүзеге асырмақ.

Осыған орай, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқу үдерісін ұйымдастыру да жаңа бағыттар мен жаңа талаптарды қажет етеді.

Қазіргі білім берудің негізгі мақсаттары мен міндеттері өзгеріп, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, құзыретті, әлемдік стандарт деңгейінде нәтижелі жұмысқа, кәсіби өсуге, болып жатқан өзгерістерге тез бейімделуге қабілетті, индустриалды-инновациялық жағдайды шешуге лайық, отандық және әлемдік мәдениетті бойына қалыптастырған кәсіби маман дайындау мәселесі тұр.

         Аталған мақсаттарды бағындыру үшін 2020 жылы «Жас Маман» жобасы жүзеге асып, бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру саласына жаңа серпін беріп отыр. «Жас Маман» жобасы – бұл колледждің материалдық базасын жақсарту мен кеңейтудің бұрын-соңды болмаған жетістігі. Елбасының қолдауымен іске асырылып жатқан бұл жобаның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына қосар үлесі айтарлықтай зор.

           Осы жоба аясында Алматы электрмеханикалық колледжі де өңірдегі сұранысқа ие «Электрлік және электрмеханикалық жабдықтар» мамандығы бойынша өз материалдық базасын кеңейтіп, оқытушыларымыз бен шеберлеріміз қазіргі талапқа сай білікті маман иесін дайындап жатыр.

Бүгінгі күнде «Жас Маман» жобасы аясында Алматы электрмеханикалық колледжінде халықаралық стандарт талаптарына сай өндірушісі Германия мемлекеті болып табылатын, пневматикалық және электрлік құрылғылар жасайтын «Festo» компаниясының, сондай-ақ Ресейде өндірілген «MetalMaster», «Зарница» өндірістік компаниясының, Қытайда өндірілген «NOKA» өндірістік компаниясының замануи қондырғылармен қамтылған 3 оқу-өндірістік шеберхана, 3 зертхана жаңаланып: 14 оқу-жаттығу стендтері, 9 өндірістік құрылғылар, 5 оргтехника жабдықтарымен қамтамасыз етілді.

            Бұл жабдықтарға: «Электр қозғалтқыштарын бөлшектеуге және жинауға арналған станок», «Электр машиналарын бөлшектеу-құрастыру операцияларын жасау үшін арналған механикаландырылған қондырғы», «Электр қозғалтқыштарының бос орамдарының секциялар тобын (катушкаларын) орауға арналған қондырғы», «Электр қозғалтқыштарының жан-жақты орамдарының секцияларын орауға арналған орауыш машина», «Роторды статормен жинауға арналған құрылғы», «Әр түрлі типтегі құбырлы қораптарды қиюға арналған қондырғы», «Қаңылтыр дайындамаларын кесуге арналған гидравликалық қондырғы», «Металды июге және тесуге арналған гиравикалық пресс», «Гидравликалық-реворверлік тесуге арналған пресс», «Баламалы электр энергия көздерін алу» құрылғыларымен жұмыс жасау, «Электротехника және электроника негіздерінің» топтамасы, «Электржабдықтарын өңдеуді автоматты басқару» орталығы, «Электрмашиналарын бөлшектеу және құрастыру», «Ақылды үй» сияқты қондырғылар кіреді. Аталған қондырғылар мен жабдықтар осы мамандық бойынша колледж студенттерін өндірістік практикадан өткізетін әлеуметтік серіктестіктер ЖШС Алматы электромеханикалық зауыты, «Сайман» корпорациясы, ЖШС «ЕЛКОС» сияқты өндіріс орындарының мамандарымен бірлесе отырып алынған болатын. Яғни «Жас маман» жобасы бойынша алынған құрылғылар өндіріс орындарындағы жабдықтармен сәйкес келіп, студент аталған өндіріс орындарында жүретін практикада еш қиындықсыз білім алады.

Аталған жоба техникалық және кәсіптік білім беру саласына енгелі бері колледждің де дәстүрлі өміріне айтарлықтай өзгерістер мен жаңалықтар алып келіп отыр. Дәлірек айтсақ:

Біріншіден, халықаралық стандарттар негізінде жасалған білім беру бағдарламаларын негізге ала отырып, жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлау бойынша жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу жұмысы қолға алынуда. Қазіргі уақытта колледжімізде осы бағытта «Электр және электрмеханикалық жабдықтар» мамандығы бойынша инновациялық оқу-әдістемелік материалдарды кіріктіру жұмысы жүргізіліп, кәсіптік стандарттар мен ТжКБ жіктеуішіне сәйкес білім беру бағдарламаларын түзету жөнінде әзірлеме дайындау жұмысы  жалғасын тауып жатыр.

 

Екіншіден, тәжірибені жинақтау үшін халықаралық деңгейде танылған шетелдік әріптестерді колледжге тарту және колледж педагогтарын біліктілікті арттыру курстарынан өткізу мәселесі тұр. Қазірдің өзінде 17 арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқу шеберлері жаңа құрылғылармен жұмыс жасау бойынша колледжге келген жаңа жабдықтарды өндіруші компаниялар мамандарының ұйымдастыруымен біліктіліктерін арттырды. Сонымен бірге арнайы пән оқытушылары М. Рашова мен А. Жұмамұратова, басшының өндірістік оқу ісі жөнінен орынбасары Асгат Райхан «Nanyang Polytechnic International» халықаралық білім жетілдіру орталығынан «Жаратылыстану ғылымдары, технология, инженерияны және математиканы (STEM) оқыту мен оқудағы инновациялар» тақырыбында біліктілік курсынан өтті. Жоспар бойынша 2021 жылдың қыркүйек айына дейін осы саладағы мамандардың барлығы біліктілігін арттырады.

Үшіншіден,  ТжКБ жүйесінің және Worldskills Kazakhstan ұлттық қозғалысының беделін көтеру мақсатында колледжімізде біраз жылдан бері жұмыстар жалғасып жатыр. 2017 жылдан бері колледж студенттері аймақтық «WorldSkills» кәсіби шеберлік чемпионатына белсенді қатысып келеді.

         WorldSkills чемпионатына студенттерді тәрбиелеп, жаттықтырып жүрген білікті өндірістік оқу шеберлері мен шеберхана меңгерушілері «Жас маман» жобасы бойынша алынған заманауи өндірістік жабдықтарды зерделеп, WorldSkills бойынша ашылатын салалық құзыреттілік орталығын дамыту жұмыстарын белсенді түрде атқаруда.

Сонымен бірге жоба аясында Ресейде өндірілген «MetalMaster», «Зарница», Қытайда өндірілген «NOKA» өндірістік компанияларының замануи қондырғыларының көмегімен бизнеске бағытталған электрщиттерді және басқа өнімдерді жасап шығару  бойынша құзыреттілік орталығын құруды, сондай-ақ WorldSkills халықаралық стандарттары бойынша жаттығу алаңы мен кәсіптік бағдарлау орталықтарын ашуды жоспарлап отырмыз. Болашақта осы оқу-өндірістік орталықтар үздік әлемдік стандарттар мен тәжірибеге, соның ішінде WorldSkills стандарттарына сай еңбек нарығына жақсы дайындалған кадрларды шығаруға мүмкіндік береді.

Сөз соңында айтарым, еліне қызмет ететін маман даярлау үшін студенттердің тәрбие жұмысына көп көңіл бөліп, олардың рухани дүниесін байытуымыз керек.

Оқу орны білім алушылардың теориялық және өндірістік оқуына ғана басымдық беріп қоймай, сонымен қатар спорттық секцияларда, көркемөнерпаздар мен техникалық шығармашылық үйірмелерінде, поэзия клубында да мазмұнды тәрбие жұмысын жүргізеді. Бұл түрлі іс-шаралар: спорттық жарыстар, концерттер, ток-шоулар, кездесулерде белсенді болуы үшін жағдайлар жасайды. Колледждің мәдени өмірі бай және алуан түрлі. Мұның бәрі біздің колледж түлектерінің тәуелсіз мемлекетіміздің лайықты азаматтары болуына ықпал етеді.

Алматы электрмеханикалық колледжі өзінің асыл миссиясын қашанда абыроймен атқарып келеді. Әрқашан елдің қоғамдық өмірінің орталығында, білім, мәдениет және гуманитарлық құндылықтардың тасымалдаушысы болып табылады.

Негізі қаланған күннен бастап, колледждің атмосферасы жоғары рухпен, терең ілім мен білімге деген құштарлықпен, жеке тұлғаға деген үлкен құрметпен өрбіді. Бүгінгі таңда да білім беру саласындағы қатаң бәсекелестікке қарамастан, Алматы электрмеханикалық колледжі республикада өзіндік орны бар, инновациялық идеялар мен игі бастамалардың бесігі болып қала береді.